Эдвин Блом жаңа қызметіне 1 сәуір күні ресми кіріскен болатын. Компания басшысының қызметіне сәттілік тілеген өңір басшысы Қарашығанақты игеруші альянстпен арадағы әріптестіктің келешек жоспарларына тоқталды.
– Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының елімізге инвестиция тарту бойынша жүргізіп отырған саясатының нәтижесінде 1997 жылдан бері 23 млрд. доллар инвестиция тартылды. Соның ішінде «КПО в.в.» компаниясының жыл сайынғы негізгі инвестиция көлемі 600 млн. долларды құрайды. Соңғы үш жылда жергілікті қамту үлесі 47%-дан 54%-ға өсті. Былтыр рекордтық көрсеткіш – 32 млн.теңге бөлініп, өңірімізде 45 жоба жүзеге асырылды. Компаниямен бірлесіп Бөрлі ауданында экологиялық аумақта қалған Березовка, Бестау елді мекендерінің тұрғындарын көшіру жұмыстарын уақытылы аяқтадық. Сіздің басшылығыңызбен ортақ жұмыстарды одан әрі табысты түрде жалғастырамыз деген сенімдемін, – деді Алтай Көлгінов.
Өз кезегінде Эдвин Блом да Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың шетелдік инвестицияға барынша қолдау көрсетіп отырғанын жеткізіп, бизнеске жайлы климат қалыптасқан елде компания табысты жұмыстар атқаратынын атап өтті. Сонымен бірге Ақ Жайық өңірінің әлеуметтік инфрақұрылымын индустриаландыру, жаңғырту жобаларын бірге атқаруға дайын екендігін білдірді.
Кездесуде өңірдегі әлеуметтік-инфрақұрылымдық жобаларға жыл сайын бөлінетін қаржы көлемі 20 млн. доллардан 30 млн. долларға ұлғаятыны айтылды. Қазіргі уақытта бұл келісім орталық мемлекеттік органдардың қарауында.
Кездесу соңында Батыс Қазақстан облысының әкімі компания бастамалары мен ұсыныстарына әкімдік тарапынан қолдау болатынын жеткізді.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»
ОРАЛ